Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара академиясының 1-факультетінің 5-арнайы кафедрасы базасында «Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара академиясының оқу үдерісіне цифрлық технологияларды енгізу жағдайындағы түсіну қағидаты» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға ҚР ҰҚК Шекара академиясының курсанттары, Қазақстан Республикасы ІІМ жүйесіндегі оқу орындарының өкілдері, Q-университеттің студенттері, сондай-ақ Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің білім алушылары қатысты. Қатысушылар білім беруді цифрландырудың өзекті мәселелерін талқылап, шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мамандарды даярлау жүйесінде жасанды интеллекттің рөлі мен әлеуетіне ерекше назар аударды.
Талқылау барысында жасанды интеллект технологияларын оқу үдерісіне енгізудің заманауи тәсілдері қарастырылды. Атап айтқанда, зияткерлік оқыту жүйелері, деректерді автоматтандырылған талдау, бейімделмелі оқыту платформалары және шешім қабылдауды қолдайтын цифрлық құралдар сөз болды. Сонымен қатар, жасанды интеллект нәтижелерін дұрыс интерпретациялау қағидаттарына, білім алушылардың сыни ойлау қабілетін қалыптастыру қажеттілігіне, сондай-ақ ИИ қолданумен байланысты этикалық тәуекелдерге ерекше көңіл бөлінді. Олардың қатарында жауапкершілік, алгоритмдердің ашықтығы, деректерді қорғау және технологиялық тәуелділіктің алдын алу мәселелері бар.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Азаматтық авиация академиясының студенті Айдынқызы Аяла «Білім беру үдерісіне жасанды интеллектті енгізудің интерпретация қағидаттары мен этикалық тәуекелдерін талдау» тақырыбындағы ғылыми жұмысы үшін бірінші орынға ие болды.
Өз зерттеуінде автор жасанды интеллектті білім беру ортасына енгізу тетіктерін терең талдап, зияткерлік жүйелер нәтижелерін дұрыс түсіндірудің маңыздылығын негіздеп, оларды қолдану барысында этикалық тәуекелдерді азайтуға бағытталған тәсілдерді ұсынды.
Ғылыми жетекшісі – Закирова Ляззат Закировна.