Мурат Әбенов Қазақстандағы авиациялық білім мен ғылымның дамуына қолдау көрсетті

Орталық Азияның ең ірі авиациялық хабына айналу — Қазақстанның алға қойған амбициялық мақсаты. Бұл мақсатқа жету үшін жоғары білікті авиация мамандарын даярлауда айтарлықтай күш салу қажет.

Мақсатқа қол жеткізу үшін білім беру бағдарламаларын, оқу-жаттығу орталықтарын жаңғыртып қана қоймай, мемлекет тарапынан белсенді қолдау көрсету қажет. Осы мәселелер Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің Азаматтық авиация академиясына сапары барысында талқыланды.

Кездесу барысында академия ректоры Бекен Сейдахметовпен жетістіктер мен оқу орнында кездесетін проблемалар қарастырылды. Ең өткір мәселелердің бірі — авиация саласындағы жоғары білікті оқытушыларды, оның ішінде ұшқыштар мен инженерлерді тарту қиындығы. Бұған негізгі себеп — төмен жалақы, бұл кадрларды оқыту мен ұстап қалуды қиындатады.

Бұл мәселені шешу үшін Бекен Сейдахметов академияға ерекше мәртебе беру мәселесін көтерді. Білім беру үдерісін күшейту үшін жаңа зертханалар салып, оларды заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбек жағдайларын жақсарту қажет.

«Жоғары деңгейлі мамандарды даярлау үшін бізге ағылшын тілін және өз саласын жетік меңгерген білікті оқытушылар қажет. Алайда қазіргі жағдайда біз мұндай мамандарды лайықты жағдайларда тарта алмаймыз, бұл оқыту сапасына әсер етеді», — деді ректор.

Мұрат Әбенов академияның бастамасын қолдап, авиациялық ғылым мен білімді дамытуға мемлекет тарапынан қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, авиация — инновация мен ғылымға негізделген сала, сондықтан әлемдік деңгейдегі мамандарды даярлау үшін заманауи материалдық-техникалық база қажет. «Біздің мақсатымыз — әлемдік стандарттарға сай келетін, Қазақстанның авиациялық саласын дамытуға қабілетті мамандарды даярлайтын оқу орнын құру. Ол үшін авиациялық ғылымды күшейту және инфрақұрылымды жаңғырту қажет», — деп қосты депутат.

Авиация саласын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі — авиация саласындағы ғылыми зерттеулерді құру және енгізу. Бұл салаға стратегиялық көзқарас пен қолдауды қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда Азаматтық авиация академиясы Қазақстандағы авиациялық ғылыммен белсенді айналысатын жалғыз білім беру мекемесі болып табылады және бұл бағытты әрі қарай дамытуды жоспарлап отыр.

© 1995 - 2025 Азаматтық Авиация Академиясы