Азаматтық авиация академиясында қазақ азаматтық авиациясының ардагері, профессор, еңбек сіңірген ұшқыш, ел абыройын асқақтатқан тұлға – Әбдіраманов Ермек Сансызбайұлының атына арнайы кабинет ашылды. Бұл – академия ұжымы мен шәкірттерінің оны мәңгі есте сақтап, болашақ ұрпаққа өнеге ету мақсатындағы игі бастамасы.
Ермек Сансызбайұлы – бар ғұмырын авиация саласына арнап, жарты ғасырдан астам уақыт бойы әуеде 20 мың сағаттан астам уақыт ұшқан тәжірибелі командир-ұшқыш. Ол Ан-2, Ан-24, Як-40, Ил-62, Ил-86 секілді бірнеше әуе кемесін еркін меңгеріп, халықаралық бағыттарда талай мәрте елдің намысын абыроймен қорғады.
Алайда оның есімі тек кәсіби ұшқыш ретінде ғана емес, ұлт авиациясының ұрпақ сабақтастығын жалғаған ұстаз, ұйымдастырушы ретінде ерекше аталады. 1994 жылы Қазақстан Республикасының Азаматтық авиация академиясын құруға бастамашы болып, алғашқы қабылдау комиссиясының төрағасы ретінде жүздеген жасқа қанат қақтырды. Академия қабырғасында ұзақ жылдар бойы проректор, ұшу қауіпсіздігі инспекциясының жетекшісі, ұшу-тренажерлық кешеннің басшысы қызметтерін атқарып, оқу-әдістемелік базаны нығайтуға және болашақ ұшқыштардың кәсіби машықтарын жетілдіруге өлшеусіз еңбек сіңірді.
Сондықтан да академияда оның атына кабинет ашылуы – заңдылық. Бұл – бір адамның еңбегін бағалау ғана емес, тұтас бір дәуірдің тарихын, азаматтық авиациядағы ұлы еңбекті құрметтеу. Бұл кабинет жас ұрпақ үшін ерлік пен еңбектің, адалдық пен табандылықтың мектебі болмақ. Оның өмірі мен қызмет жолы әр студентке «нағыз авиация адамы қандай болуы керек?» деген сұраққа айқын жауап береді.
Әбдіраманов Ермек Сансызбайұлының есімі академия тарихында алтын әріппен жазылды. Бүгінгі шәкірттер сол есіммен аталатын кабинеттен білім ала отырып, тек ұшқыштық өнерді ғана емес, ұлтқа адал қызмет етудің асыл өнегесін бойына сіңіреді.