Азаматтық Авиация Академиясының «Авиациялық ағылшын тілі» кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы «Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласында мемлекеттік тілдің енгізілуін бағалаудың ғылыми негіздерін дайындау» атты ішкі ғылыми жоба бойынша зерттеу жұмысын жүргізуде.
Аталған тақырып аясында ағымдағы жылдың қыркүйек айында профессор, ф.ғ.к. Г.Қ. Тулекова Түркістан Халықаралық әуежайында іс-сапармен болды.
Іс-сапар барысында Г.Қ. Тулекова әуежайдың «Персоналды басқару және құжаттамалық қамтамасыз ету» бөлімінің бастығы міндетін атқарушы А. С. Ибраевамен кездесу өткізді. Кездесу барысында мемлекеттік тілдің азаматтық авиация саласындағы қолданылуы туралы пікір алмасып, өз ойларын бөлісті.
Ғылыми жобаның мақсаты – Қазақстан азаматтық авиация саласында мемлекеттік тілдің қолданылуын бағалау үшін ғылыми негіздер әзірлеу және оны тиімді қолдану бағытында ұсыныстар жасау. Бұл жоба еліміздегі мемлекеттік тіл саясатын іске асыруға бағытталған. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Тіл туралы» заңы мемлекеттік тілді дамыту және оны қоғамдық өмірдің барлық саласында қолдануды қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін айқындайды.
Азаматтық авиация саласында мемлекеттік тілдің қолданылуы оның мәртебесін нығайтып, халықаралық деңгейде танылуына септігін тигізеді.
Жоба нәтижесінде азаматтық авиация саласында мемлекеттік тілдің қолданылуын бағалауға арналған 1-ден 10 балдық шкала бойынша ғылыми-әдістемелік негіздер дайындалды.
Пікір алмасу барысында Түркістан Халықаралық әуежайында мемлекеттік тілдің қолданыс деңгейі, іс-қағаздардың мемлекеттік тілде жүргізілуі және азаматтық авиация саласындағы тілдің жағдайы талқыланды.
Кездесуде тіл мамандары мен авиация саласының мамандары бірлесе жұмыс жасаған жағдайда ғана осындай игі бастамалардың жүзеге асуы мүмкін екендігі атап өтілді.