Авиация – тек көлік құралы емес, бұл – ғылым мен техника тоғысқан, жоғары дәлдік пен шеберлікті талап ететін ерекше сала. Болашақ инженерлер мен әуе диспетчерлерін дайындау – үлкен жауапкершілік пен талмай еңбек етуді қажет ететін міндет. Осы міндетті абыроймен атқарып келе жатқан біздің Авиациялық колледж 2025–2026 оқу жылына жаңа студенттерді қабылдауды табысты аяқтады.
Биыл Авиация колледжіне 1100-ден астам талапкер құжат тапсырды, оның ішінде 86 қызыл аттестат және «Алтын белгі» иегері бар. Бұл – колледждің беделі мен білім сапасының айқын көрінісі. Қабылдау үдерісі заманауи «eGov» электрондық платформасы арқылы да жүргізіліп, басқа өңірлерден келген үміткерлер үшін үлкен жеңілдік болды. Павлодар, Шымкент, Астана, Атырау сияқты ірі қалалардан талапкерлердің саны артып, еліміздің түкпір-түкпірінен болашақ авиация мамандары жолдама алды.
Мемлекеттік гранттар 9-сынып (150 орын) және 11-сынып (75 орын) негізінде бөлініп, жалпы 225 орын қарастырылған. Ақылы бөлімге түскен талапкерлердің білім деңгейін нақты анықтау мақсатында физика, алгебра, қазақ, орыс және ағылшын тілдері бойынша сұхбаттар өткізілді. Бұл сұхбаттар талапкердің пәндік дайындығы мен логикалық ойлау қабілеті, оқу мотивациясы мен ынтасын анықтауға мүмкіндік берді.
Жаңа оқу жылына жалпы 639 білім алушы қабылданды. Олардың ішінде Беларусь, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстаннан келген шетел азаматтары бар.
Авиация колледжі – болашақ авиация саласының орта буын мамандарын даярлайтын сенімді база. Жаңа оқу жылында колледж әдістемелік қолдауымен Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжі авиациялық мамандықтар – «Әуе тасымалдарын ұйымдастыру» және «Әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету және жөндеу» бағдарламаларын іске қосты. Бұл бастама өңірлерде авиациялық кадрлардың сапалы даярлануына үлкен серпін беріп, жастардың авиацияға деген қызығушылығын арттыруда. Биыл ШҚ көпсалалы колледжі мен Авиациялық колледждің бірлескен қабылдау комиссиясының нәтижесінде 100-ге жуық талапкер осы мамандықтарға қабылданды.
Авиация саласында мансап құру – бұл тек ұшқыш болу емес. Бұл – техникалық білім, кәсіби дағдылар мен жаңа технологияларды меңгеру арқылы авиацияның жүрегі – әртүрлі техник мамандықты таңдау. Авиация колледжі – дәл осы салада сапалы білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік беретін бірегей оқу орны.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды "Жұмысшы мамандар жылы" деп жариялағанын ерекше атап өтуіміз керек. Бұл бастама – еңбек адамына деген құрметті арттырып, техникалық және жұмысшы мамандықтарға деген сұранысты еселей түспек. Авиациялық колледж дәл осы бағытта – инженерлік және техникалық саланың болашақ кәсіби мамандарын даярлауда маңызды рөл атқарып келеді.
Егер сіз авиация саласында техник-механик, техник-радист, техник-электрик мамандықтары бойынша білім алғыңыз келсе – Авиация колледжі сіздің ең дұрыс таңдауыңыз. Мұнда болашақ авиация мамандарының кәсіби шеберлігі мен техникалық білімі қалыптасады, жаңа технологиялар мен заманауи оқыту әдістері арқылы алға басасыз.
Авиация колледжі – бұл сенім, сапа және болашаққа деген нақты қадам. Әуе кемелерін жөндеу, техникалық қызмет көрсету және әуе тасымалдарын ұйымдастыру саласында маман болғыңыз келсе, дәл қазір әрекет етіңіз! Келесі оқу жылында сізді күтеміз!