АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ АКАДЕМИЯСЫНДА «ҰЛТТЫҚ ДИКТАНТ» ЖОБАСЫ ӨТТІ

2025 жылғы 13 қазан күні Академияда Қазақстан халқының тілдері күні аясында жалпы республикалық «Ұлттық диктант – 2025» мәдени-ағартушылық жобасы өтті. Іс-шараға профессорлық-оқытушылық құрам белсене қатысып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға және тіл мәдениетін дамытуға өз үлестерін қосты.

«Ұлттық диктант» - Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен және «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырылған жоба. Оның басты мақсаты — азаматтардың қазақ тілінде сауатты жазу деңгейін арттыру, ұлттық бірегейлікті нығайту және мемлекеттік тілге деген құрметті қалыптастыру.

Диктант екі бірдей дәрісханада өтті. Бірі тілді ана тіліндей меңгергендерге арналса, екіншісі қосымша тіл ретінде үйреніп жүргендерге арналды.

Іс-шараны «Авиациялық ағылшын тілі» кафедрасы мен «Қазақ тілі» секциясының профессорлық-оқытушылық құрамы ұйымдастырды. Ұйымдастырушылар қатарында Академия профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Тулекова Гүлназ Хажымұратқызы, PhD докторы Елубай Әсем Мамешқызы, сеньор-лекторлар Суранчиева Назгүл Рысахыновна және Қондыбай Медет Манасұлы бар.

Диктант жазу барысында қатысушылар мемлекеттік тілге деген құрмет пен бірлікті көрсетті. Бұл бастама сауатты жазу мәдениетін дамытумен қатар, азаматтық жауапкершілікті және тілге деген сүйіспеншілікті арттырудың маңызды қадамы болып табылады.

📖 «Ұлттық диктант – 2025» Академия ұжымының рухани бірлігін, мәдени құндылықтарға деген құрметін және мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігін тағы бір мәрте айқындады.

© 1995 - 2026 Азаматтық Авиация Академиясы