2025 жылдың 3-қараша күні «Авиациялық ағылшын тілі» кафедрасының Қазақ тілі секциясы оқытушылары — ф.ғ.к., профессор Г.Қ. Тулекова, қауымдастырылған профессор А. Елубай, сеньор-лектор Н. Сұраншиева және сеньор-лектор М. Қондыбайдың ұйымдастыруымен ұлт көсемі, көрнекті ағартушы, ғалым, тілші, әдебиеттанушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіне танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты — қазақ халқының рухани мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын студенттерге тереңірек таныстыру, ұлт тілін дамытудағы, ағартушылық және саяси қызметіндегі ерен еңбегін жастар санасында жаңғырту, ұлттық құндылықтарға деген құрмет сезімін арттыру болды.
Экскурсия барысында қатысушылар ұлт ұстазының өмір жолына, оның ағартушылық қызметі мен тіл білімі, әдебиет және мәдениет саласындағы мұраларына қатысты құнды деректермен танысты. Музейдегі тарихи жәдігерлер, сирек кездесетін құжаттар мен фотосуреттер арқылы ұлы тұлғаның ел тәуелсіздігі жолындағы күрескерлік болмысы терең ашылды.
Бұл танымдық шараның тәрбиелік маңызы зор. Ол ұстаздар мен студенттер қауымының ұлттық сана-сезімін, тіл мен мәдениетке деген құрметін нығайтып, Ахмет Байтұрсынұлы сынды тұлғалардың өмірінен өнеге алуға мүмкіндік береді.