Бүгін Азаматтық Авиация Академиясында тарих пен тағылымға толы ерекше кездесу өтті. Академияға «Желтоқсан қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері — Далабаева Нағима және Бакиев Тоқтаған арнайы келіп, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының өз көздерімен көрген шындықтарын бөлісті.
Студенттер сол кезеңнің ауыртпалығы, жастық жігер мен ерліктің қалай үндескені туралы шынайы әңгімелерді тыңдай отырып, тәуелсіздіктің оңай келмегенін терең сезінді.
Әрбір айтылған оқиға, әрбір естелік — жүректі тебірентіп, сол күндердің рухын көз алдымызға әкелгендей болды.
Желтоқсанның қақаған ызғарында елдің болашағы үшін алаңға шыққан қазақ жастарының ерлігі — бүгінгі ұрпақ үшін үлгі, тағылым және үлкен аманат.
Студенттер батырлармен тікелей жүздесіп, сұрақтарын қойып, олардың өмірлік тәжірибесі мен азаматтық ұстанымынан үлкен мотивация алды.
Кездесу барысында Желтоқсан құрбандарын еске алып, бір минут үнсіздік жарияланды.
Бұл сәт — тәуелсіздіктің әр сәті қандай құрметке лайық екенін көрсеткен ерекше сәт болды.
Осындай кездесулер — жас буынға ел тарихын терең түсінуге, өз тамырын танып, ұлттық рухты күшейтуге мүмкіндік береді.
Жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып, ерлік пен патриотизмнің нағыз мәнін сезінуге жол ашады.
Академиямызда өткен бұл тағылымды жиын — ұмытылмас әсер қалдырды.
Желтоқсан батырларына құрмет көрсету — бұл тек өткенді еске алу емес, болашаққа жауапкершілікпен қарау.