АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ АКАДЕМИЯСЫ БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫМЕН ӘРІПТЕСТІКТІ НЫҒАЙТУДА

Азаматтық авиация академиясында Біріккен Ұлттар Ұйымы өкілдерімен — БҰҰ-ның Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек, сондай-ақ БҰҰ Волонтерлері бағдарламасының үйлестірушілері Фирдавс Файзуллоев (Алматы) және Фейза Садикоглу (Стамбул) қатысуымен кездесу өтті.

Кездесу 2026 жылды Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялауға дайындық аясында ұйымдастырылды. Аталған бастама 2020 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан ұсынылып, БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің қолдауына ие болды.

Академия ректорымен өткен жұмыс кездесуі барысында университеттің білім беру, ғылыми және инфрақұрылымдық әлеуетін, сондай-ақ азаматтық авиацияның жаһандық қауіпсіздік, орнықты даму, гуманитарлық әрекет ету және халықаралық үйлестіру жүйесіндегі рөліне қатысты стратегиялық көзқарасын көрсететін презентация таныстырылды.

Диалог барысында авиацияның орнықты даму мен гуманитарлық миссиялардағы маңызы, халықаралық өзара іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ студенттер мен жастардың БҰҰ Волонтерлері бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктері талқыланды.

Академия мен БҰҰ жүйесі арасындағы әріптестікті дамытуға, оның ішінде United Nations Academic Impact бастамасына қатысуға, сондай-ақ Академия базасында Орталық Азияда БҰҰ-ның өңірлік платформасын құру перспективаларына ерекше назар аударылды.

Іс-шара аясында БҰҰ өкілдерінің студенттермен ашық кездесуі өтіп, сондай-ақ БҰҰ волонтерлері мен Академия волонтерлері жастар волонтерлігін және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған өздерінің алдағы жоспарларын таныстырды.

Күтілетін нәтиже — студенттер үшін халықаралық мүмкіндіктерді кеңейту, БҰҰ бағдарламаларына қатысу, сондай-ақ Академияның орнықты дамудың жаһандық күн тәртібін іске асыруға қосатын үлесін арттыру.

© 1995 - 2026 Азаматтық Авиация Академиясы