Азаматтық авиация академиясы 7М041 «Бизнес және басқару» бағыты бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыруға лицензия алғанын хабарлаймыз. Бұл — салалық басқарушылық білімді дамыту және Қазақстан азаматтық авиациясы үшін жаңа буын басшыларын даярлау жолындағы маңызды қадам.
Бағыт аясында авиация саласының басқарушыларына арналған екі арнайы бағдарлама ашылады:
MBA «Авиациялық менеджмент» — авиакомпаниялар, әуежайлар, аэронавигациялық қызметтер және авиациялық ұйымдар үшін менеджерлер даярлауға бағытталған екі жылдық бағдарлама. Бағдарлама стратегиялық ойлауды қалыптастыруға, авиациялық кәсіпорындардың қаржысын басқару, жобалар мен тәуекелдерді басқару, инновациялар мен цифрлық шешімдерді енгізу құзыреттерін дамытуға негізделген. Оқу үдерісі академиялық дайындық пен нақты салалық кейстерді талдауды ұштастырады.
EMBA «Авиациялық менеджмент» — жоғары буын басшылары мен бизнес иелеріне арналған бір жылдық бағдарлама. Ол стратегиялық көшбасшылықты дамытуға, трансформацияны басқаруға, халықаралық авиациялық бизнесті жүргізуге және жаһандық бәсекелестік пен қатаң реттеу жағдайында тиімді шешім қабылдауға бағытталған.
Бұл — классикалық бизнес-курс емес, қауіпсіздік талаптарын, цифрландыру үдерістерін және әлемдік авиациялық нарықтың серпінін ескеретін мамандандырылған салалық білім беру.
Академия корпоративтік топтарды қалыптастыруға, авиакомпаниялармен және әуежайлармен стратегиялық әріптестік орнатуға, сондай-ақ бірлескен білім беру және зерттеу бастамаларын жүзеге асыруға ашық.
Басқарушылық капиталды дамытуға салынған инвестиция — авиациялық бизнестің тұрақтылығы, тиімділігі және бәсекеге қабілеттілігіне салынған инвестиция. Ынтымақтастыққа шақырамыз!