Азаматтық авиация академиясында «Дижитал Наурыз – 2026» аясында «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес Наурыз мерекесі жаңа форматта кеңінен атап өтілуде. Декада шеңберінде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, мәдени мұраны насихаттауға және жастардың рухани тәрбиесіне бағытталған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда.
14 наурыз – Көрісу күні (Амал мерекесі) аясында «Экипаж» студенттер үйінде жылы әрі ерекше атмосферада мерекелік кеш өтті. Студенттер мен қонақтар бір-бірімен қауышып, ізгі тілектер айтып, татулық пен жаңарудың мәнін сезінді.
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні Академияда қазақ халқының дәстүрлері — тұсау кесер және беташар рәсімдері арқылы кеңінен таныстырылды.
17 наурыз – Шаңырақ күніне орай «Шаңырақ – отбасы құндылықтарының тірегі» атты іс-шара ұйымдастырылып, отбасының қоғамдағы рөлі мен ұлттық тәрбиенің маңызы насихатталды.
18 наурыз – Ұлттық киім күні ерекше форматта аталып өтіп, қатысушылар ұлттық киімдер арқылы қазақ халқының бай мәдениеті мен тарихын паш етті.
Алдағы уақытта «Наурызнама» іс-шаралары өз жалғасын табады. 19 наурыз – Жаңару күніне орай Академия аумағында сенбілік өткізіліп, ағаш отырғызу жоспарлануда. Бұл бастама қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және болашаққа деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
20 наурыз күні Академияда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған ауқымды іс-шара өтеді. Мерекелік бағдарлама аясында 12 киіз үй тігіліп, ұлттық нақыштағы «ауылдар» ұйымдастырылады.
Іс-шара барысында ұлттық салт-дәстүрлер көрсетіліп, концерттік бағдарлама ұсынылады. Қазылар алқасы әр ауылды аралап, олардың безендірілуі мен өнер көрсету деңгейін бағалайды. Қатысушылар өз шығармашылық бағдарламаларын ұсынып, ұлттық өнерін паш етеді. Сонымен қатар спорт алаңында ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылады.
Осылайша, «Наурызнама» декадасы Азаматтық авиация академиясында мазмұнды әрі жоғары деңгейде өтіп, ұлттық дәстүрлер мен заманауи форматтың үйлесімді сабақтастығын көрсетуде.