ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ: АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ АКАДЕМИЯСЫ СТУДЕНТТЕРІНІҢ ТЕКЕЛІ ҚАЛАСЫНДАҒЫ «ШАПАҒАТ» ҚАРТТАР ҮЙІНЕ САПАРЫ

2026 жылғы 14 сәуірде «Азаматтық авиация академиясы» АҚ студенттері мен қызметкерлері Текелі қаласындағы қарттар үйіне концерттік бағдарламамен барды.

Бұл бастама 2022 жылдан бері жалғасып келе жатқан игі дәстүрдің бір бөлігі болып табылады және студенттер арасында үлкен буынға құрмет, әлеуметтік жауапкершілік пен азаматтық сананы қалыптастыруға бағытталған.

Сапар барысында музыкалық және шығармашылық нөмірлерден тұратын концерттік бағдарлама ұсынылды. Кездесудің басты құндылығы – мекеме тұрғындарымен болған шынайы әңгіме, жылы жүздесу және ерекше рухани атмосфера болды.

Сапар аясында мекемеге әлеуметтік қолдау көрсетілді.

Жыл сайынғы сапарлардың игі дәстүрі орталық тұрғындарының қажеттіліктеріне деген шынайы жанашырлықпен ұштасып келеді. Әр жылдары мекеме тұрғындарына қажетті тұрмыстық техника ұсынылды: тоңазытқыштар, плазмалық теледидарлар, су диспенсерлері, тігін машиналары. Биылғы жылы мекемеге күнделікті пайдалану мен тұрғындардың бос уақытын ұйымдастыру мақсатында ноутбук табысталды.

Аталған бастамалардың студенттер мен Академия қызметкерлерінің белсенділігі мен жанашырлығының нәтижесінде жүзеге асырылып отырғанын ерекше атап өткен жөн. Қаражаттар қайырымдылық концерттер, жәрмеңкелер және қызметкерлердің ерікті қолдауы есебінен жиналып, академиялық қауымдастықтың бірлігі мен әлеуметтік жауапкершілігінің жоғары деңгейін көрсетеді.

Азаматтық авиация академиясы болашақ мамандардың кәсіби біліктілігімен қатар, олардың адамгершілік құндылықтарын да жүйелі түрде қалыптастырып келеді.

Осындай кездесулер ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, өмірлік тәжірибені бөлісуге және қоғамның тұрақты дамуына негіз болатын құндылықтарды дәріптеуге ықпал етеді

© 1995 - 2026 Азаматтық Авиация Академиясы