2026 жылғы 15 сәуірде Қаскелең қаласындағы «Шоқан Уәлиханов ұлттық мектебі» ЖШС, National Innovation Tech School базасында Абайдың «Толық адам ілімі – қазақ руханиятының темірқазығы» атты қалалық ғылыми-практикалық семинары өтті.
Аталған іс-шараға «Авиациялық ағылшын тілі» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, «Толық адам» концепциясы тобының мүшесі Г. Тулекова арнайы қонақ ретінде қатысып, «Білім беру саласында ұлы Абайдың “Толық адам” концепциясын насихаттаудың негіздері мен рухани маңызы» тақырыбында мастер-класс өткізді.
Мастер-класс барысында Абайдың «Толық адам» концепциясының қазіргі қоғаммен сабақтастығы кеңінен талқыланып, білім алушылармен интерактивті жұмыс жүргізілді.
Іс-шара барысында Г. Тулекова толық адамның негізгі белгілерінің бірі – ақыл, қайрат және жүрек үйлесімі екендігін атап өтті. Сонымен қатар:
• ақыл – дұрыс шешім қабылдауға және білім алуға ықпал ететінін,
• қайрат – алынған білімді жүзеге асырып, мақсатқа жетуге күш беретінін,
• жүрек – адам бойына мейірім, әділдік, адамгершілік сияқты асыл қасиеттерді дарытатынын нақты мысалдар арқылы түсіндірді.
Аталған мастер-класс жоғары кәсіби деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды.