Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамыту жөніндегі іс-шаралары аясында «Азаматтық авиация академиясы» АҚ делегациясы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапары шеңберінде Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында өткен ресми іс-шараларға қатысты.
2026 жылғы 16 шілдеде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ж.Х. Мәдиевтің қатысуымен жоғары оқу орындары арасындағы құжаттарға қол қою рәсімі өтті. Оның барысында Азаматтық авиация академиясы мен Civil Aviation University of China арасында «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында азаматтық авиация қауіпсіздігін қамтамасыз ету және авиациялық операцияларды зияткерлік басқару бағытындағы бірлескен Қытай–Қазақстан зертханасын құру туралы келісімге қол қойылды.
Құжатқа Академия Басқарма төрағасы – Ректоры Дәулет Әбірбекұлы Мамеков және Civil Aviation University of China ректоры Shuiting Ding қол қойды. Бірлескен зертхана ғылыми зерттеулер жүргізуге, магистранттар мен PhD докторанттарын даярлауға, академиялық алмасуды дамытуға, халықаралық жобаларды іске асыруға және азаматтық авиация саласына инновациялық технологияларды енгізуге арналған маңызды алаңға айналады.
Сонымен қатар, жұмыс сапары бағдарламасы аясында Академия делегациясы Қазақстан Республикасының ресми делегациясымен бірге Commercial Aircraft Corporation of China (COMAC) корпорациясына барды. Civil Aviation University of China ректоры Shuiting Ding бастамасымен Академия өкілдері үшін COMAC өндірістік алаңдарына таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылды. Сапар барысында қатысушылар азаматтық әуе кемелерін жобалау мен өндірудің заманауи технологияларымен танысып, авиациялық кадрларды даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу және технологиялар трансфері бағытындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.
Аталған келісімге қол қою Азаматтық авиация академиясының халықаралық ынтымақтастығын дамытудағы маңызды қадам болып табылады. Ол отандық азаматтық авиацияның ғылыми әлеуетін нығайтуға, бірлескен халықаралық жобаларды жүзеге асыруға және жоғары білікті авиация мамандарын даярлауға ықпал етеді.