Үкімет отырысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары білім, ғылым және инновациялар жүйесін дамыту, сондай-ақ кадр даярлау мәселесінде жоғары оқу орындары мен кәсіпорындардың өзара байланысын нығайту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Министр QS рейтингінің ТОП-700 тізіміне енген қазақстандық жоғары оқу орындарының саны 2019 жылғы 10-нан 2026 жылы 18-ге дейін өскенін атап өтті. Қазақстан рейтингке қатысатын жоғары оқу орындарының саны бойынша Азия елдері арасында 11-орында тұр.
Оның айтуынша, соңғы жеті жылда жоғары оқу орындарына бөлінетін гранттар саны 1,5 еседен астам өскен. Осы кезеңде 1,15 млн түлектің 832,5 мыңы жұмысқа орналастырылды, жұмыспен қамтудың орташа көрсеткіші 72,2%-ды құрады. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алған түлектердің жұмысқа орналасу үлесі 78,2%-ға жетті.
Саясат Нұрбек студенттердің шәкіртақы мөлшерінің артқанын да хабарлады. Жоғары оқу орындары студенттерінің шәкіртақысы 26 186 теңгеден 52 372 теңгеге дейін, педагогикалық мамандықтар студенттерінің шәкіртақысы 42 000 теңгеден 84 000 теңгеге дейін ұлғайтылды. Магистратура мен докторантурадағы шәкіртақы көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 1,75 есеге өсті.
Министр шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы ашылғанын және 11 қазақстандық жоғары оқу орнының базасында экология, су ресурстары, энергетикалық қауіпсіздік, тау-кен металлургия өнеркәсібі, биотехнология және агроөнеркәсіптік кешен сияқты салаларда Академиялық және зерттеу шеберлігі орталықтарын құру жұмыстары басталғанын айтты.
Ол сондай-ақ 2018 жылдан бері Қазақстанда 72 125 орынға арналған 281 жатақхана пайдалануға берілгенін, бұл орын тапшылығын 83,6%-ға қысқартуға мүмкіндік бергенін атап өтті. 2026 жылы тағы 18 жатақхананы, яғни 6 857 орынды пайдалануға беру жоспарлануда.
Министр білім беруді цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту мәселелеріне де тоқталды. Оның айтуынша, 93 жоғары оқу орны әлемнің жетекші білім беру платформаларына, соның ішінде Coursera-ға қол жеткізді. 140 мыңнан астам студент 237 мың сертификат алды. AI-Sana бағдарламасы аясында 697,2 мыңнан астам студент оқытылды. Сонымен қатар Google, Nvidia және Huawei Technologies Kazakhstan компанияларымен бірлескен жобалар жүзеге асырылуда.
Саясат Нұрбек жасанды интеллект және IT салаларында мамандар даярлау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. 17 жоғары оқу орнында жасанды интеллект бойынша 15 білім беру бағдарламасы енгізілді, оларда 2,2 мыңға жуық студент білім алуда. 2021 жылдан бері 114 мыңнан астам IT маманы даярланды.
Ғылымды дамыту мәселесіне тоқталған министр соңғы жеті жылда республикалық бюджеттен ғылым саласын қаржыландыру көлемі алты есеге — 2019 жылғы 42,3 млрд теңгеден ағымдағы жылы 252,5 млрд теңгеге дейін өскенін атап өтті.
Оның айтуынша, 2025 жылы гранттық қаржыландыру аясында 3091 жоба және 401 бағдарлама іске асырылды. Нәтижесінде 11 164 ғылыми жұмыс жарияланып, 656 қорғау құжаты алынды және 715 ғылыми әзірлеме өндіріске енгізілді.
Министр «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заңның қабылданғанын да хабарлады. Заң технологиялардың дайындық деңгейін (TRL) айқындаудың халықаралық әдістемесін енгізуді көздейді. Сонымен қатар ғалымдарды әлеуметтік қолдау бойынша шаралар қабылданды: ғылыми қызметкерлердің жалақысы екі есеге өсті, ғылыми дәрежелер мен атақтар үшін қосымша төлемдер ұлғайтылды.
Саясат Нұрбек 1543 ғалымның шетелде ғылыми тағылымдамадан өткенін, ал ғылым саласындағы жастардың үлесі 47%-ға жеткенін атап өтті. Қазақстандық ғалымдардың Web of Science базасындағы жарияланымдар саны соңғы жеті жылда екі есеге өсіп, 2020 жылғы 844 мақаладан 2025 жылы 1836 мақалаға дейін жетті.
Инновациялар саласында министр 2025 жылы Қазақстанның Global Innovation Index рейтингінде инновациялық нәтижелер бойынша 83-орынға көтерілгенін хабарлады. Қазіргі таңда елде 2,2 мыңнан астам ғылыми жоба, 162 ғылыми-техникалық бағдарлама және коммерцияландыру бойынша 134 жоба іске асырылуда.
Ол қазақстандық ғалымдардың тазалығы 99,5% болатын тазартылған селен алу әдісін әзірлегенін, сондай-ақ отандық бағдарламалық жасақтама негізінде алғашқы чип прототипін жасап, оны өндіріске жібергенін айтты.
Сонымен қатар 6461 кәсіпорынның инновациялық белсенділігіне талдау жүргізілді. Елде 199 инновациялық-белсенді кәсіпорын бар, 241 инновациялық жоба іске асыру кезеңінде, 30 жоба экспортқа шықты, ал сегіз жоба 1 млрд теңгеден астам сату көлеміне қол жеткізді.
Қорытындылай келе, министр әзірлеушілер, технологиялар және әлеуетті инвесторлар туралы ақпарат қамтылған 750 инновациялық жоба Ұлттық инновациялық жобалар тізіліміне енгізілгенін атап өтті.