АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ АКАДЕМИЯСЫНДА СЕРҒАЛИ ПАРМАНОВТЫҢ АТЫНДАҒЫ АУДИТОРИЯ АШЫЛДЫ

Бүгін Академиямызда азаматтық авиация саласының дамуына елеулі үлес қосқан, білікті маман Серғали Пармановтың есімі берілген В315 аудиториясының салтанатты ашылу рәсімі өтті.


Серғали Пармановтың есімін ұлықтап, оның кәсіби мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында аудиторияның ашылуына «Қазаэронавигация» РМК мұрындық болды. Бұл бастама – азаматтық авиация саласының дамуына еңбек сіңірген мамандардың өнегелі жолын дәріптеп, олардың тәжірибесін жас мамандарға үлгі етуге бағытталған маңызды қадам.


Салтанатты іс-шараға Азаматтық авиация академиясының басшылығы, «Қазаэронавигация» РМК өкілдері, Серғали Пармановтың отбасы мүшелері мен әріптестері, оқытушылар және білім алушылар қатысты.
Іс-шара барысында Академия ректоры Дәулет Мамеков, «Қазаэронавигация» РМК Бас директоры Фаат Богдашкин және Серғали Пармановтың отбасы өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, оның кәсіби жолы мен азаматтық авиация саласына сіңірген еңбегін атап өтті.


Академия ректоры Дәулет Мамеков өз сөзінде бұл аудиторияда білім алатын студенттер Серғали Пармановтың кәсіби жолымен танысып, оның еңбекқорлығы мен өз ісіне деген адалдығын үлгі тұтатынына сенім білдірді. Сондай-ақ ол осындай бастамалар сала тарихын сақтап қана қоймай, болашақ мамандардың кәсіби құндылықтарын қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.


Салтанатты шара аясында Серғали Пармановтың өмір жолы мен кәсіби қызметіне арналған таныстырылым өтіп, оның әріптестері мен отбасы мүшелері ол туралы естеліктерімен бөлісті.


Сонымен қатар, Азаматтық авиация академиясы мен «Қазаэронавигация» РМК арасында әуе қозғалысына қызмет көрсету мамандарын бірлесіп даярлау туралы келісімге қол қою рәсімі өтті. Бұл құжат екі ұйым арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтып, азаматтық авиация саласына қажетті білікті кадрларды даярлауға бағытталған бірлескен жұмысты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.


Серғали Пармановтың есімі берілген аудитория – оның кәсіби мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізетін, сала тарихын дәріптейтін және азаматтық авиация үшін білікті мамандар даярлау ісіне үлес қосатын маңызды білім беру алаңына айналмақ.

© 1995 - 2026 Азаматтық Авиация Академиясы

Ақпаратты таба алмасаңыз, Air Барсқа жүгініңіз