Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында Азаматтық авиация академиясы мен Kyungwoon University арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастық ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асып отыр. Қазақстандық және кореялық ұйымдар мен жоғары оқу орындары арасында меморандумдар алмасу рәсіміне ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты.
Меморандум авиациялық білім беру, кәсіби даярлау, академиялық алмасу және тәжірибеге бағдарланған бірлескен зерттеу жобалары салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Kyungwoon University — ұшу пайдалану, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету, әуе қозғалысын басқару, авиациялық логистика, ұшқышсыз авиациялық жүйелер және Advanced Air Mobility (AAM) салаларында мамандар даярлайтын бейінді кореялық университет.
Тараптар студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрам арасында алмасуды, бірлескен білім беру және зерттеу жобаларын жүзеге асыруды, сондай-ақ авиация мамандарының біліктілігін арттыруды дамытуды жоспарлап отыр.
Kyungwoon University-мен ынтымақтастық Академияның практикалық даярлықтың озық тәжірибелерін енгізу және азаматтық авиацияның перспективалы бағыттарын дамыту мүмкіндіктерін кеңейтеді.