АСТАНАДА ИКАО-НЫҢ АВИАЦИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК АПТАЛЫҒЫ – 2026 АШЫЛДЫ

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік апталығы – 2026 ашылды.

 

Осындай жоғары деңгейдегі халықаралық іс-шараны алғаш рет қабылдай отырып, Қазақстан жаһандық авиациялық қауіпсіздік жүйесін дамытудағы маңызды рөлін растады. Іс-шараға 62 мемлекеттің авиациялық билік органдарының, халықаралық ұйымдардың, әуежайлардың, авиакомпаниялардың және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысуда.

 

Қатысушылардың назарында авиациялық қауіпсіздіктің заманауи сын-қатерлері, соның ішінде киберқауіптер, әуе жүк және пошта тасымалдарының қорғалуы, ұшқышсыз авиациялық жүйелерді заңсыз пайдалануға қарсы іс-қимыл және қарулы қақтығыстар жағдайында ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері тұр.

 

Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар қатысты.

 

Құттықтау сөзінде Нұрлан Сауранбаев азаматтық авиацияны дамыту үшін халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтіп, саланың қарқынды дамуы мен Қазақстанның халықаралық маршруттық желісінің жүйелі түрде кеңейіп келе жатқанын жеткізді.

 

ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар азаматтық авиация қызметіне заңсыз араласу актілерінің алдын алу және жолаушылар мен авиация персоналының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.

 

Азаматтық авиация академиясының волонтерлік ұйымының атынан қатысқан студенттері де ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік апталығы – 2026 іс-шарасына қатысып, халықаралық деңгейдегі іс-шараны өткізуге қолдау көрсетті.

 

Азаматтық авиация академиясы үшін мұндай халықаралық бастамаларға қатысу ерекше маңызға ие. Өйткені бұл авиациялық білім беруді дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және авиациялық қауіпсіздіктің заманауи талаптарына сай білікті мамандар даярлауға ықпал етеді.

 

Қазақстанда ИКАО апталығының өткізілуі халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және саланың заманауи талаптарына сәйкес авиациялық білім беруді дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

© 1995 - 2026 Азаматтық Авиация Академиясы

Ақпаратты таба алмасаңыз, Air Барсқа жүгініңіз