ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ: ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖАҢҒЫРТУ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, ел дамуының негізгі басымдықтарын айқындады.

Маңызды бағыттардың бірі – жасанды интеллект пен заманауи технологияларды кеңінен қолдануға негізделген цифрлық экономиканы қалыптастыру. Елімізде цифрлық инфрақұрылым белсенді дамып келеді: екі суперкомпьютер іске қосылды, Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық магистраль тарту жұмыстары аяқталды, деректерді өңдеу орталықтары салынуда.

Президент цифрландыру нақты практикалық нәтиже беріп, еңбек өнімділігін арттыруы және азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуы қажет екенін атап өтті. Басым бағыттардың қатарында жасанды интеллектіні коммерцияландыру, блокчейн технологияларын, цифрлық платформаларды және активтерді токендеуді дамыту бар.

Технологиялар жасампаздықтың, жұмыспен қамтудың және табыс табудың құралына айналатын халықтық цифрлық экономиканы қалыптастыруға ерекше мән берілді. Цифрлық сервистердің мүмкіндіктері қала тұрғындарына да, ауыл тұрғындарына да қолжетімді болуы керек. Осы мақсатта кәсіпкерлікті қолдауға арналған цифрлық құралдарды дамыту, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өнімдерін өткізуге көмектесу, сондай-ақ азаматтардың жұмыс істеуі мен бизнес жүргізу мүмкіндіктерін кеңейту көзделіп отыр.

Мемлекеттік басқаруды жаңғырту қажеттігі де жеке атап өтілді. Бұл бағытта бюрократиялық кедергілерді жою, артық рәсімдерді қысқарту және мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллектіні қолдану міндеттері қойылды.

Жолдауда Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға айрықша орын берілген. Президент еліміздің Еуразиядағы жетекші логистикалық орталық ретіндегі орнын нығайтып, жүктердің қарапайым транзитінен халықаралық жүк ағындарын белсенді ұйымдастыруға көшу міндетін қойды.

Нақты жобалардың қатарында Қытаймен арадағы жүк тасымалының өткізу қабілетін 20 миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік беретін «Бақты – Аягөз» теміржол желісін іске қосу, сондай-ақ «Арал – Каспий» автомобиль магистралін салу бар. Бұл жоба Транскаспий бағытының ұзақтығын шамамен мың шақырымға қысқартып, жүктерді жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтады деп күтілуде.

Сонымен қатар отандық логистикалық операторларды дамыту, жүктерді шоғырландыру және бөлу орталықтарын құру, «Көкшетау – Петропавл» автомобиль жолын кеңейту және автомобиль өткізу бекеттерін сапалы реконструкциялау міндеттері белгіленді. Халықаралық бағыттарды қоса алғанда, көлік саласын цифрландыру маңызды бағытқа айналады. Президент жасанды интеллект дәуірінде жаһандық транзиттік ағындарды қағаз жүкқұжаттар арқылы басқару заман талабына сай келмейтінін атап өтті. Заманауи цифрлық шешімдерді енгізу тасымалдардың тиімділігін арттырып, еліміздің транзиттік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Авиациялық инфрақұрылымды дамытуға да ерекше көңіл бөлінді. Қазіргі уақытта Қазақстанда бірнеше әуежай қатар салынып жатыр. Мұндай ауқымды жұмыстар еліміздің тарихында бұрын-соңды болмаған. Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Жақын арада Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі әуежайларын іске қосу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, келесі жылы әлемдегі жетекші салалық компаниялардың бірін тарта отырып, Астанада жаңа әуежайдың құрылысы басталады.

Президент келесі жылды «Жаппай халықтық құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынды. Үкіметке бүкіл ел аумағында әлеуметтік, көлік және инженерлік нысандарды салу мен жаңартуды қамтитын Инфрақұрылымды жаңғырту жоспарын әзірлеу тапсырылды.

2029 жылдың соңына дейін осы мақсаттарға Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бағыттау жоспарланып отыр. Бірінші кезектегі міндеттердің қатарында денсаулық сақтау саласының 70-ке жуық нысанын салу және білім беру, спорт пен мәдениет салаларындағы 50-ге жуық мекеменің құрылысын бастау бар. Сонымен қатар инженерлік желілерді дамыту, елді мекендерді газбен және таза ауызсумен қамтамасыз ету, жолдарды және басқа да қажетті инфрақұрылымды жаңарту көзделген.

Бұл шаралар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, өңірлердің дамуын қолдауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлік пен ұлттық экономикаға қосымша серпін беруге бағытталған. Президент мемлекеттік қаражаттың нақты экономикалық және әлеуметтік қайтарымы бар жобаларға жұмсалуы керектігін ерекше атап өтті.

«Алдымызда бір үлкен мақсат тұр. Бұл – Әділетті, Қуатты, Таза, Озық Қазақстанды құру», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жолдауда болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік те атап көрсетілді. Бұл тек қаржы ресурстарын сақтау туралы емес, әрбір азамат өз әлеуетін жүзеге асырып, экономикалық және технологиялық дамудың игіліктерін пайдалана алатын заманауи мемлекет қалыптастыру туралы.

Белгіленген міндеттерді жүзеге асыру қоғамның бірлігін, жауапкершілікті, тәртіпті және адал еңбекті, сондай-ақ мемлекеттің, бизнестің, білім беру және ғылыми ұйымдардың үйлесімді іс-қимылын талап етеді.

Академиялық қауымдастық үшін Жолдау бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, ғылым мен инновацияны дамыту, цифрлық технологияларды енгізу және еліміздің зияткерлік әлеуетін нығайту бағытындағы алдағы жұмыстың бағдары болмақ.

Білім, ғылым, технология және ортақ іске жауапкершілікпен қарау – Қазақстан болашағының маңызды негіздері!

© 1995 - 2026 Азаматтық Авиация Академиясы

Ақпаратты таба алмасаңыз, Air Барсқа жүгініңіз