Азаматтық авиация академиясының Басқарма төрағасы – ректор Дәулет Мәмеков бастаған өкілдері Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өтінішхаты негізінде Біріккен Араб Әмірліктеріне барды. Сапар аясында Emirates Aviation University университетінің вице-канцлері, профессор, доктор Ахмад Әл Әлимен алдын ала жоспарланған және тараптармен келісілген кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, авиациялық білім беру мен ғылым салаларындағы алдағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Кездесу барысында Дәулет Мәмеков Қазақстан үшін азаматтық авиацияны дамытудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жуырдағы Жолдауында елдің Еуразиядағы жетекші авиациялық хаб ретіндегі позициясын нығайту маңызды стратегиялық міндеттердің бірі ретінде айқындалған. Бұл мақсатқа қол жеткізу заманауи инфрақұрылымды дамытуды, озық технологияларды енгізуді ғана емес, сонымен қатар жоғары білікті мамандар даярлауды, білім беру жүйесін жетілдіруді және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді талап етеді.
Ол Emirates Aviation University университетімен ынтымақтастық академиялық тәжірибе алмасуға, білім беру бағдарламаларын жетілдіруге және ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
«Біздің мақсатымыз – ынтымақтастықты меморандумға қол қоюмен ғана шектемей, екі оқу орны үшін де нақты нәтижелерге қол жеткізуге, студенттерге, оқытушылар мен зерттеушілерге жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған әріптестік орнату», – деп атап өтті Дәулет Мәмеков.
Өз кезегінде, профессор, доктор Ахмад Әл Әли қазақстандық өкілдерге сапарлары үшін алғыс білдіріп, ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді әріптестікті дамытуға мүдделі екенін растады. Ол халықаралық академиялық өзара іс-қимылдың, озық тәжірибе алмасудың, сондай-ақ екі оқу орнының білім беру және ғылыми әлеуетін біріктірудің маңыздылығына тоқталды.
Кездесу барысында авиация саласы кадрларын тәжірибеге бағдарланған даярлауға, студенттердің кәсіби құзыреттерін дамытуға және халықаралық академиялық әрі кәсіби тәжірибе алу мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, бірлескен білім беру бағдарламалары мен мамандандырылған курстар әзірлеу, авиация мамандарының біліктілігін арттыру, сондай-ақ заманауи авиациялық технологиялар саласында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу айқындалды.
Меморандумға қол қою Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің білім беру ұйымдары арасындағы халықаралық байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Тараптар қол жеткізілген уағдаластықтар бірлескен бастамаларды іске асыруға, авиациялық білім беру сапасын арттыруға және саланың заманауи талаптарына сай мамандар даярлауға негіз болатынына сенім білдірді.
Халықаралық академиялық өзара іс-қимылды дамытуда мемлекеттік қолдау мен дипломатиялық өкілдіктердің ықпалдастығы маңызды рөл атқарады. Осы ретте Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің жоғары оқу орындары арасындағы халықаралық байланыстарды нығайтуға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмысының маңызы зор.
Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуге, екіжақты білім беру және академиялық байланыстарды дамытуға бағытталған бастамаларды қолдап, олардың жүзеге асуына зор үлес қосып келе жатқан Қазақстан Республикасының БАӘ-дегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Жұмабек Рауанға ерекше алғысымызды білдіреміз. Оның қолдауы мен белсенді ықпалдастығы екі ел арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етуде.
Тараптар диалогты жалғастыру және 2027 жылғы наурызда Қазақстанда жауап кездесуін өткізу жөнінде уағдаласты. Астана және Алматы қалаларында өтеді деп жоспарланған кездесулер әріптестікті нығайтудың келесі кезеңіне айналып, өзара іс-қимыл бағыттарын жан-жақты талқылауға және бірлескен білім беру мен ғылыми бастамаларды әзірлеуге мүмкіндік береді.