Бүгін Азаматтық авиация академиясында еліміздің дамуындағы маңызды құжат — Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы аясында және «Жасанды интеллект: жаңа цифрлық мүмкіндіктердің бастауы» атты тақырыпта кең көлемді талқылау өтті.
Іс-шараның басты мақсаты — Жолдауда айтылған стратегиялық міндеттерді түсіндіру, білім беру саласына қатысты басым бағыттарды саралау және заманауи технологиялардың, әсіресе жасанды интеллекттің, жоғары білім беру жүйесіне әсерін талдау.
Жиынға академияның профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен саланың жас мамандары қатысты. Талқылау барысында қатысушылар Президент Жолдауында атап өтілген білім сапасын арттыру, цифрландыру үдерістерін жеделдету, адами капиталды дамыту сияқты басым бағыттарға ерекше назар аударды.
Сондай-ақ, жасанды интеллекттің қазіргі қоғамдағы орны мен болашағы, оны оқу үдерісіне енгізу тәжірибелері кеңінен сөз болды. Жасанды интеллект тек технология емес, ол жаңа мүмкіндіктердің бастауы, білім берудің форматын өзгертуге, оны жекелендіруге және студенттердің қабілеттерін ашуға жол ашатын құрал ретінде қарастырылды.
Спикерлер атап өткендей, цифрлық трансформация дәуірінде жоғары оқу орындарының міндеті — студенттерге тек теориялық білім ғана емес, жаңа технологияларды дұрыс пайдалануға бағытталған құралдар мен дағдыларды да меңгерту. Осы тұрғыдан алғанда, жасанды интеллект — бұл тәуекел ғана емес, үлкен әлеуетке ие ресурс.
Талқылау соңында қатысушылар Президент Жолдауының маңызын және ондағы әр тармақтың ел дамуы үшін стратегиялық бағыт екенін атап өтті. Сонымен қатар, жасанды интеллектті тиімді енгізудің жолдары, этикалық аспектілері және академия қабырғасында жүзеге асырылып жатқан пилоттық бастамалар талқыланды.